20 сәуір

Қазақстан Ресей мен Қытайға мұнай жеткізуді ұлғайтады. Бұл мұнайды Каспий құбыр консорциумынан қайта бөлуге байланысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"ҚазТрансОйл" АҚ компаниясының ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес, сәуірде Қарашығанақ мұнайының "Өзен – Атырау – Самара" магистральдық мұнай құбырының "Атырау – Самара" учаскесі бойынша экспортының көлемі 154,7 мың тонна, Қашаған мұнайының – 60 мың тонна деңгейінде жоспарланған. Қашаған мұнайын "Атасу-Алашанькоу" мұнай құбыры арқылы Қытайға экспортқа тасымалдаудың болжамды көлемі 40 мың тоннаны құрайды. Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда Новороссийскіде Қара теңіздегі дауыл Каспий құбыр консорциумы айлақтарының біріне зақым келтірді. Таяуда Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет кулуарында КҚК-дағы апат салдарынан ел үшін шамамен келтірілген шығын 100-150 миллиард теңгеге бағаланып отырғанын мәлімдеді.