7 маусым
Қазақстан мен Үндістан өкілдері келіссөздер барысында саудадағы өзара мүдделердің негізгі бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Нью-Делиде (Үндістан) сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-үндістан Үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтті.
Қазақстандық делегацияны ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарды. Үндістанды өз елінде Мұнай және табиғи газ министрі және тұрғын үй және қалалық істер министрі қызметін атқаратын Хардип Сингх Пури ұсынды.
Қазақстандық тарап Үнді қантын елге жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, үнді тарапына қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге салынған инвестицияларды қарастыру ұсынылды.
Үнді тарапы өз компанияларының қазақстандық мұнайды ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатып алуға мүдделілігін растады. Бұл ретте үнді мұнай-газ кәсіпорындары Қазақстан аумағында мұнай өндіруге тікелей инвестиция салуға қарсы емес.
Қазіргі уақытта Үндістанға қазақстандық экспорттың негізгі тауарлары шикі мұнай, күміс, сутегі, инертті газдар, асбест, ферроқорытпалар, титан және кадмийден жасалған бұйымдар болып табылады.